COMFORT FINANCE BY SOLVA

«Біз бір отбасы емеспіз». Solva HR-директоры жүйенің «бір бөлшегі» болу синдромы мен басшылық эгосы туралы ойларымен бөлісті

«Біз бір отбасы емеспіз». Solva HR-директоры жүйенің «бір бөлшегі» болу синдромы мен басшылық эгосы туралы ойларымен бөлісті

Жүйенің «бір бөлшегі» болу синдромы дәуірінің аяқталуы мен компаниялардың корпоративтік «отбасы» ұғымынан бас тарту қажеттілігінің себептері.

Технологиялар бизнес-модельдерді ғана емес, ұжым ішіндегі қарым-қатынас пен жұмыс істеу ережелерін де өзгертуде: жасанды интеллект бір саланы ғана қамтитын мамандықтардың азаюына әкеліп соқты, ал үміткерлерге қойылатын талаптар күшейіп келеді. HR-процестерді жаңа өзгерістерге қалай бейімдеу керек? Бұл мәселені сарапшылар Алматыда өткен XIV Kazakhstan HR Forum шарасында талқылады.

Осы мәселеге қатысты өз көзқарасын «Мықты команда немесе мықты жүйе: Performance үшін қайсысы маңызды?» атты баяндамасында Solva компаниясының HR-директоры Анна Пиляева ұсынды. Біз онымен корпоративтік «отбасы» тұжырымдамасы, қызметкерлерді жүйенің «бір бөлшегі» болу синдромынан арылту жолдары және бизнеске неге «ыңғайсыз» адамдарды жұмысқа қабылдау керектігі туралы әңгімелестік.

Қызметкердің жұмысқа риза болуы клиенттің де риза екенін білдірмейді

— Анна, форумнан қандай негізгі ой түйдіңіз?

— Екі маңызды ой келді. Біріншісі: қызметкердің жұмысқа риза болуы клиенттің де риза болуына кепілдік бермейді. Форумда телеком-компаниядағы әріптестеріміз қызметкерлер мен клиенттердің пікірлерін салыстырған екен. Нәтижесінде ұжым өз жұмысына толық қанағаттанатыны, ал клиенттердің көңілі толмайтыны анықталған. Бұл HR қызметінің ұжым арқылы клиенттерге қызмет көрсету сапасына қалай әсер ете алатыны туралы ойлануға жетелейді. Өйткені біздің түпкі мақсатымыз — қызметкерді емес, клиентті қанағаттандыру.   

Екінші ой — үміткердің кәсіби мүмкіндіктері мен компанияның одан күтетін нәтижелерінің сәйкестігі. Негізгі тұжырым мынадай: бұрынғы тәжірибе адамның дәл қазіргі уақытта да табысты болатынына кепілдік бермейді. Үміткер бұрын өте жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жетістіктерін нақты дәлелдермен растай алғанымен, дәл қазір белгілі бір компанияға сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан үміткерді жетістіктерінің тізіміне қарап емес, оның қазіргі талаптар мен бизнестің даму кезеңіне қаншалықты сай келетініне қарай бағалаған дұрыс.

Бюрократияға бейімділік және жүйенің «бір бөлшегі» болу синдромы

— Баяндамаңыздың тақырыбы мен Solva компаниясының қазіргі даму кезеңіне тоқталсақ, компаниядағы басқару жүйесі қандай?

— Форумда төрт квадранттан тұратын матрицаны көрсеттім: бір осьте — команданың мықтылығы, екіншісінде — жүйенің мықтылығы. Егер команда да, жүйе де болмаса хаос орнайды. Ал жүйе мықты болғанымен, соған сай команда болмаса — бюрократия қалыптасады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бюрократия көп адамға тіпті ұнайды екен: процестер реттелген, әрі күрделі шешім үшін толық жауапкершілік алудың қажеті жоқ. Жүйесіз мықты команда — ерлік. Ал тиімділікке мықты команда мен компанияның әр даму кезеңіндегі ерекшеліктерін ескеретін икемді жүйенің үйлесімі арқылы қол жеткізуге болады.

Қазір Solva-да негізгі лауазымдарда кәсіби деңгейі жоғары, мықты мамандар көп. Біз жүйені тұрақты менеджмент арқылы қалыптастырып жатырмыз: нақты әрі түсінікті ережелер, кездесулердің жүйелі кестесі, әр басшыға арналған негізгі көрсеткіштер қолданылады. Алайда жүйе бір күнде қалыптаспайды. Сондықтан әзірге нәтижеге ерлік жасап қол жеткізіп келеміз. Мұны біз саналы түрде жасап отырмыз. Мысалы, алдымызда шығындарды оңтайландыру міндеті тұр делік. Біз бұл мәселені жарты жыл бойы талқылап отырмаймыз. Оның орнына нәтижені бағалап, оған қол жеткізген қызметкерлерді бірден ынталандыратын құралды іске қосамыз. Яғни нақты нәтиже көрсеткен қызметкерді сол сәтте марапаттаймыз. Біреулерге бұл жаңа жұмыс стилі ұнайды, енді біреулер оған әлі бейімделіп жатыр, ал кейбіреулер мұның өзіне сай келмейтінін түсініп, кететін уақыт келгенін ұғады. Мұндай жағдайда мен қызметкермен уақытында, дұрыс әрі құрметпен қоштасуды қолдаймын. Шындық кейде ауыр тиюі мүмкін, бірақ сенім дәл осы қағидаға негізделеді.

Компанияда қалған қызметкерлерді алға жетелейтін нәрсе — өз ықпалының ауқымын сезіну. Мен ұзақ уақыт бойы ірі құрылымдарда жұмыс істедім. Сонда бір нәрсені түсіндім: бүгін компанияда бармын, ертең жоқ болсам, ештеңе өзгермейді. Мен жай ғана жүйенің «бір бөлшегі» сияқтымын. Solva-да жағдай басқаша: әр адамның қосқан үлесі көрініп тұрады әрі бағаланады. Ертең сен болмасаң, оны бәрі байқайды. Бәлкім, әлеуетті үміткерлер үшін біздің басты артықшылығымыз да осында шығар. Бізге «бір ғана бөлшек» болудан шаршаған, өз еңбегінің пайдалы екенін сезінгісі келетін және «Мен осы өзгерістердің бастауында тұрдым» деп айта алатын адамдар келеді.

Корпоративтік мәдениет: «Біз бір отбасы емеспіз»

— Қазіргі уақытта Solva корпоративтік мәдениеті қандай қағидаларға негізделген?

— Біз ұжымда сенім мен жұмысқа деген жігер болғанын қалаймыз. Қорқыныш пен немқұрайлылықты қаламаймыз. Адам тек «жұмысқа келіп, өз міндетін атқарумен» шектелсе, бұл немқұрайлылықтың белгісі. Бірде менеджермен еңбек қатынасын тоқтаттық. Сол кезде мен одан: «Сізге жұмысыңыз ұнай ма?» деп сұрағанда, ол таң қалып: «Жұмыс қалай ұнауы мүмкін? Жұмыс істеу керек болған соң істеп жүрмін», — деп шынайы жауап берді. Бұл реактивті ұстаным. Ал жұмысқа шын берілген қызметкер проактивті болады: ол жұмысты қалай жақсарту керектігін және одан да жоғары нәтижеге қалай қол жеткізуге болатынын алдын ала ойластырады.

Мен корпоративтік құндылықтар қатарына «Біз бір отбасы емеспіз» деген жаңа қағиданы қосар едім. Біз бейресми қарым-қатынастардың маңызын асыра бағалаймыз. Жұмысқа туыс іздеп емес, нәтижеге қол жеткізу үшін келеміз. Жаңа қызметкер алғашқы 30 күн ішінде кіммен кофе ішетінін емес, компанияда қалай жұмыс істеу керектігін түсінуі керек.

Біз кейде өзімізге зиян қарым-қатынасты жай ғана қолайсыздықпен шатастырамыз. Стив Джобс пен Илон Маск сияқты тұлғалардың дәстүрлі талаптар бойынша мінсіз болуы екіталай еді. Қабылданған шешімдерге күмән келтіретін, мүмкін емес талаптар қоятын және бәріне ұнауға тырыспайтын адам компанияға өте пайдалы болуы мүмкін. Менеджменттің кемелдігі осындай адамдармен тиімді жұмыс істей білуде. Бір мысал келтірейін: кәсіпкерлік ойлау қабілеті айқын басшыға біз әдейі орынбасар ретінде аналитик маманды жұмысқа қабылдадық. Оның міндеті — басшының кезекті тың идеясын іске асырмай тұрып, оның экономикалық тиімділігін есептеп, оған жұмсалған күш пен шығынның ақталатынын анықтау.

HR саласындағы жасанды интеллект: алгоритмдер адамды қай тұста алмастыра алмайды?

— Қазіргі уақытта Solva компаниясында жасанды интеллектті енгізу қай кезеңде?

— HR-аналитиканың барлық деректерін жасанды интеллект көмегімен жинаймыз. Бұрын мұндай жұмыс үшін күрделі интеграциялар мен IT-мамандар қажет болатын. Қазір бәрін өзіміз жасаймыз. Мысалы, топ құрамындағы заңды тұлғалар бойынша кадр тұрақсыздығының деңгейін бірнеше минутта-ақ талдай аламыз. Оқытуды ұйымдастыруда да жасанды интеллектті қолдана бастадық. Ол ересектерді оқытудың ерекшеліктерін ескере отырып, білімді жүйелеуге және оқу материалын интерактивті форматқа келтіруге көмектеседі. Бұрын оқу курсын әзірлеуге бірнеше апта кетсе, қазір бұл жұмысқа небәрі 2 сағат жұмсаймыз. Сондай-ақ процестерді талдап, сапаны төмендетпей тиімділікті арттыра алатын тұстарға жасанды интеллектті енгізу жолдарын қарастырып жатырмыз.

Біз табиғи интеллект пен жасанды интеллектті жиі бір-біріне қарсы қоямыз да, эмоциялық және әлеуметтік интеллект туралы ұмытып кетеміз. Егер белгілі бір жұмысты орындау үшін эмоциялық және әлеуметтік интеллект қажет болмаса, оған жасанды интеллектті бірден енгізуге болады. Алайда көп жағдайда мәселе технологияда емес, менеджменттің жаңа өзгерістерге дайын болмауында екені анықталады. Мықты сарапшылардың жаңа құралдарды пайдаланғысы келмейтінін көріп жүрмін. Жасанды интеллект бірнеше секундта шешім ұсына алатын жағдайда өз құндылығың неде екенін түсіну қажет.

Сонымен қатар бұрынғы әдеттерден арылып, қалыптасқан жұмыс тәсілдерінен бас тарта білу қажеттілігі туындады. Өзінің бір нәрсені білмейтінін мойындаудан қорқатын адамдар мені таң қалдырады. Олар осылайша өздерін тығырыққа тіреп, жаңа мүмкіндіктерден бас тартады. Егер бәрін білемін деп ойласаң, дамуың да тоқтайды. Дегенмен машинаға тапсыруға болмайтын міндеттер бар. Мысалы, қызметкерді жұмыстан шығару туралы шешімді алгоритмге сеніп тапсырмас едім. Адам тағдырына әсер ететін шешімдер үшін жауапкершілік адамдардың, оның үстіне нақты жауапты тұлғалардың мойнында қалуы керек.

Бір сала мамандарының орнына әмбебап сарапшылар

— Алгоритмдер ең алдымен қандай мамандарды алмастырады?

— Мысалы, кадрлық іс жүргізу мамандарын алмастыруы мүмкін. Олардың жұмысы алгоритм арқылы оңай сипатталады. Егер процестің технологиялық картасын жасап, оны жасанды интеллектке енгізсе, алдағы бір-екі жылда міндеттердің басым бөлігін автоматтандыруға болады. Бизнес қызметкердің қайта оқып, жаңа дағдыларды меңгеруін шексіз күтіп, оған үнемі қаржы жұмсай алмайды. Кәсіби тұрғыдан дамуға деген ынта қызметкердің өзінен туындауы тиіс. Өзгеріс қажеттілігі айқын болғанға дейін қайта оқып, жаңа дағдыларды меңгеруге дайын адам ғана сұраныста қалады.

— Онда «үздік қызметкер» қандай болуы керек?

— Барлығы кросс-функционалдылыққа, яғни бірнеше бағытта жұмыс істей білуге қарай бет алып барады. Мысалы, менің корпоративтік порталға жауапты менеджерім ішкі коммуникациялар жөніндегі маман әрі іс-шаралар ұйымдастырушысы қызметін де қатар атқарады. Енді мен ауқымы тар мамандардан құралған команда жинауға қызықпаймын. Маған стандарттан тыс міндетті өз мойнына алып, қажетті команданы жасақтап, жобаны соңына дейін жүзеге асыра алатын әмбебап сарапшылар қажет.

Не үшін басшыға жұмыста шындықты бүкпесіз айтатын орта керек?

— Жасанды интеллектті пайдалана отырып, трансформацияны бастаған HR-басшыға қандай үш қадам жасауды ұсынар едіңіз?

— Біріншіден, нарықтағы үздік тәжірибелерді зерттеп, өз біліміңіз бен тәжірибеңізді кеңейту қажет. Велосипедті қайта ойлап табудың қажеті жоқ. Екіншіден, өз процестеріңізге шынайы баға беріңіз: диагностика жүргізіп, оларды компания стратегиясымен сәйкестендіріңіз. Жұмыс істемейтін процестерге жасанды интеллектті енгізудің мәні жоқ. Өйткені сіз тек сапасыз нәтижеге тезірек қол жеткізесіз. HR қызметі бизнес қажеттіліктеріне бейімделе білуі керек.

Үшіншіден, жұмыста өзіңізге шындықты бүкпесіз айтатын ортаны табыңыз. Қазақстанда жеке қарым-қатынас пен үлкенді құрметтеу дәстүрі кең етек алған. Бұл сенім қалыптастыруға көмектесетін маңызды ресурс. Алайда құрмет пен бағыныштылықтың аражігін ажырата білу керек. Егер құрмет басшыға қарсы пікір айтуға болмайды дегенді білдірсе, бизнес қабылдайтын шешімдердің сапасын жоғалтады.

Ең құнды ақпарат — қызметкердің басшыға айтуға қорқатын ақпараты. Жоғары буын басшыларының көбінде шындықты бүкпесіз айтатын адамдары жоқ: қызметкерлердің ешқайсысы басшының пікіріне қайшы пікірін ашық айтуға дайын емес.

Мәселе иерархияның болуында емес, мәселе пікірталаста лауазымның шешуші болуында. Адамдарды сыйлау олардың пікірімен толық келісуді білдірмейді.

Біз өз амбицияларын жүзеге асыруға қызығушылық танытқандарды іздейміз. Бізге қосылыңыз. 

 

Дереккөз: Kengo

Барлық жаңалықтар